Жарияланған күні: 23.10.2017 19:13
Өзгертілген күні: 23.10.2017 19:14

Қазақстан Республикасының «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңының 2 бабының 14 тармағына сәйкес дара кәсіпкерлер,жекеше нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кіріс алатын жеке тұлғалар және басқа да тұлғалар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлеушілер болып табылады.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 30 маусымдағы №478 бұйрығымен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жарналарын есептеу мен аудару Қағидасы бекітілді.

Қағидада өзін өзі жұмыспен қамтушы тұлғалардың өзіне МӘМС есептеу мен аударудың негізгі ережелері бекітілген.

Дара кәсіпкерлердің, жекеше нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың, кәсіби медиаторлардың жарналары 2017 жылғы 1 шілдеден бастап жарналарды есептеу объектісінің 5 пайызы мөлшерінде белгіленеді.

Бұл ретте, жарналарды есептеу үшін қабылданатын ай сайынғы кіріс ең төменгі жалақының он бес еселенген мөлшерінен аспауы тиіс (24459 *15=366885тенге).

 Жарналарын есептеу объектісі болып жалақының екі еселенген ең төменгі мөлшері табылады.

Қазақстан Республикасынан тыс жерге шығып кеткен азаматтардың, сондай-ақ басқа төлеушілердің, оның ішінде салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұрған немесе әрекетсіз деп танылған дара кәсіпкерлердің, жекеше нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың, кәсіби медиаторлардың жарналары 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап тиісті қаржылық жылында республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген ең төменгі жалақыдан 5 пайыз мөлшерінде белгіленеді.

Жарналарды есептеу олар салық кезеңінің әрбір айы үшін өз бетінше жүзеге асырады.

Медициналық сақтандыру жарналарын есептеу және төлеу мерзімдері:

         1) дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар, жекеше нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар мен кәсіби медиаторлар жұмысшылары үшін – кіріс төленген айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей;

         2) дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар, жекеше нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар мен кәсіби медиаторлар өз пайдасына – есепті мерзімнен кейінгі ай сайын айдың 25-інен кешіктірмей;

3) патент негізінде арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер – Салық кодексінің 431-тармағында көзделген мерзімде, (патент құнының есеп-қисабын ұсынғанға дейін);

4) арнаулы салық режимін қолданатын шаруа немесе фермер қожалықтары – Салық кодексінің 446-тармағында көзделген тәртіппен және мерзімдерде (Салық кезеңінің 1 қаңтарынан 1 қазанына дейін есептелген соманы төлеу ағымдағы салық кезеңінің 10 қарашасынан кешіктірілмей, ал салық кезеңінің 1 қазанынан 31 желтоқсанына дейін есептелген соманы төлеу есептi салық кезеңiнен кейiнгi салық кезеңінің 10 сәуірінен кешiктiрілмей жүргiзiлед)i;

        5) оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын шағын бизнес субъектілері – Салық кодексінің 438-тармағында көзделген мерзімде  (жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жүргiзiледi).

Медициналық сақтандыру жарналары мен аударымдары Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы теңгемен төленеді.

ҚР Салық кодексінің 100 бабына сәйкес жұмыс берушінің жұмысшы үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылған сомалар шегерімге жатады.

         Медициналық сақтандыру жарналары мен аударымдарын төлемегені, уақытында немесе толық төлемегені үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 92-1 бабымен әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бірінші рет жауапкершілікке тартылғаны үшін ескерту жарияланып, бір жыл ішінде қайта бұзушылық жасағаны үшін төленбеген соманың 20-30 пайызы мөлшерінде айыппұл салынады.

                                                                                 

Ақтөбе облысы бойынша

мемлекеттік кірістер департаменті