
1 Маусым – Балаларды қорғау күні мерекесінің қарсаңында Ақтөбе облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің «Ақтөбе-КРО», «Әуежай-Ақтөбе» және «Ембі» кеден бекеттерінің қызметкерлері Алға облыстық балалар үйінде, Жайсаң кентіндегі жетім балалар үйі-интернатта болып, балаларға тарту жасады. «Жетім көрсең, жебей жүр» деген ұлағатты сөзді естен шығармайтын кеден бекеттерінің ұжымдары жиырма жылдан бері осы балалар үйлерін өз қанатының астына алып, қамқорлығын көрсетіп келеді. Міне, биыл да күнделікті қажет бұйымдар жиынтығын сыйға тартқан қызметкерлер бүлдіршіндермен қауышып, мерекеге ортақтасты. Балалар да әр мейрам сайын өздеріне қуаныш сыйлап жүрген ұжымға алғысын білдіріп, өз өнерлерімен ризашылықтарын жеткізді. Сонымен бірге Департаменттің бірнеше бөлімшелерінің бастамасымен, Мәртөк кентіндегі күн көрісі төмен отбасылардың балаларына арналған балабақша-интернатты да назардан тыс қалдырмай, жұмыла көмек көрсетті.