2016 жылдың 1 наурызы күні Ақтөбе облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірігіп, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кірістер кодексінің жетілдірілуі. Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне ортақ салық салу жүйесі. Электрондық шот-фактураға ақпараттық жүйе қатысушысы ретінде тіркеу» тақырыбында кездесу өтті. Бұл шараға сыртқы экономикалық қызмет қатысушылары және салық төлеушілер шақырылды.
Ақтөбе облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті ақпараттық-түсіндіру басқармасының басшысы Г.А.Арыспаева кездесу тақырыбын ашып, қазіргі таңда ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің жұмыс тобы салық және кеден заңнамасын біріктіретін нормативтік-құқықтық құжат — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кірістер туралы кодексін жетілдіріп жатқанын айтып өтті.
Кодексті әзірлеу салық және кеден рәсімдерін біріздендіру, осы жұмыстарды салық төлеушілер және сыртқы экономикалық қызмет қатысушылары үшін жеңілдету мақсатында жасалуда.
Сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларын, салық төлеушілерді, бизнес-қауымдастық өкілдерін және басқа да мүдделі тұлғаларды Кодексті әзірлеу ісіне белсене қатыстырған жағдайда бұл мақсатқа қол жеткізу мүмкін болады.
«Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасындағы трансшекаралық өзара сауда қатынастары аясында бірқатар тауарларды тіркеу бойынша туындайтын сұрақтар туралы» Кеден одағы елдерінен және басқа да мемлекеттерден импортты әкімшілендіру бөлімінің бас маманы Г.О.Калменова баяндама жасады.
Мұндай кездесулер Ақтөбе облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде, Ақтөбе қаласы және аудандар бойынша Мемлекеттік кірістер басқармаларында 2016 жылдың 30 сәуіріне дейін апта сайын өткізіледі.
Ақтөбе облысы бойынша
Мемлекеттік Кірістер Департаментінің
Түсіндіру жұмысы басқармасы