Date of publication: 24.08.2017 17:13
Date of changing: 24.08.2017 17:15

      Мемлекет келер жылдан бастап жеңілдігі бар 14 санаттағы азаматтар үшін міндетті медициналық сақтандыру жарнасын төлейді. Елімізде әлеуметтік жағынан аз қорғалған мұндай тұрғындардың жалпы саны 10 млн жуықтайды.
БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ: Егер жалдамалы жұмыскер немесе жеке кәсіпкер жеңілдігі бар санатқа жататын болса, сақтандыру жарнасы мен аударымдарын төлеуден босатылады. Мысалы, жеке кәсіпкерлік субъектісі бар зейнеткер жарна төлемейді. Ол мемлекет тарапынан сақтандырылады.
Жеңілдік берілген 14 санаттың бәрі «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңда нақты атап көрсетілген. Олар:
1) балалар;
2) жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендер;
3) жұмыс істемейтін жүкті әйелдер;
4) үш жасқа толмаған бала тәрбиелеп отырған, жұмыс істемейтін тұлғалар;
5) бала туу, жаңа туған сәбиді асырап алуына байланысты және баласы үш жасқа толғанша демалыс алған тұлғалар;
6) 18 жасқа дейінгі мүгедек бала күтімімен айналысатын жұмыс істемейтін тұлғалар;
7) зейнеткерлер, сонымен қатар Ұлы Отан соғысының қатысушылары;
8) сот үкімі бойынша қылмыстық-түзету колониясында жазасын өтеп жатқандар;
9) тергеу изоляторында отырған тұлғалар;
10) жұмыссыз оралмандар;
11) «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар;
12) мүгедектер;
13) орта, кәсіптік және техникалық, ортадан кейінгі, жоғарғы білім, сондай-ақ ЖОО-нан кейінгі білім беру мекемелерінде оқып жатқандар;
14) орта, кәсіптік және техникалық, ортадан кейінгі, жоғарғы білім, сондай-ақ ЖОО-нан кейінгі білім беру мекемелерін бітірген тұлғалар (оқу аяқталғаннан кейін үш ай бойы).