
Ақтөбелік көркемөнерпазар байқауы
Ақтөбе облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде 22 қазанда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығына және
Қазақстан Республикасының салық және кеден органдарының құрылғанына 25 жыл толуына байланысты іс-шаралар шеңберінде көркемөнерпаздар байқауы өткізілді. Байқауға Департаменттің құрылымдық бөлімшелерінің ұжымдары белсенділікпен қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ, осы көркемөнерпаздар байқауында Департаментте қызмет етіп жүрген талантты әріптестеріміздің бойында тұнып тұрған өнерге тәнті болдық. Ақтөбе қаласы бойынша МКБ басшысының орынбасары Еркін Амантайұлы Нұрыбаевтың сөзіне шығарылған «Мемлекеттік кірістер органдарының маршы» асқан шеберлікпен орындаған Ырғыз ауданы бойынша МКБ бөлім басшысы Арман Жүсіпов «Мемлекеттік кірістер комитеті туралы ең үздік ән» атағын иеленгенін, ал, «Көркемсөз оқу» жанрында ақындығымен танылған «Ақтөбе-мамандандырылған бекеті» кеден бекетінің жетекші маманы Еркін Тағыбергеновтің сиясы кеппеген «Тәуелсіздікке тағзым» атты туындысының тұсауы кесіліп, жеңімпаз атанғанын ерекше атап өту керек.
Күмбірлеген күй, мың бұралған би, сызылта салған ән мен езу тартқызар жарасымды әзіл мазмұнын толтырған думанды шара үлкен мерекеге айналды.
«Халықтық» жанрында «Ерке сылқым» күйін шебер орындап шыққан Хромтау ауданы бойынша Мемелекеттік кірістер басқармасынан Берік Өтеуов, «Ең үздік патриоттық ән» номинациясында Байғанин ауданы бойынша МКБ бөлім басшысы Роза Төлегенованың қызы Сандира Шамшадин, «Би» жанрында Темір ауданы бойынша МКБ жетекші маманы Гүлназ Ажайыпова үнді биімен, «Орындаушылық шеберлігі үшін» номинациясында Ақтөбе қ. бойынша МКБ дуэты – бас маман Салтанат Қалдығұлова мен жетекші маман Айнұр Кудабаева «Туған елім» әнімен жеңімпаз атанды. Әзіл-сықақ жанрында өнер көрсеткен Ақтөбе қ. бойынша МКБ бас мамандары Ернар Қарасаев пен Эльмира Бисембаеваның салықшылардың күнделікті қызметін сахналаған « Алло!» әніне пародиясы сәтті шығып «Көрермен көзайымы» номинациясын жеңіп алды.