Жарияланған күні: 09.11.2017 11:31
Өзгертілген күні: 09.11.2017 11:32
Зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау кедендік бақылаудың бір түрі болып табылады.
         Бұл құбылыстың трансшекаралақ сипатын ескерсек, кеден қызметінің шекара арқылы контрафактылы өнімдерді өткізудің алдын-алу мен болдырмаудағы атқаратын ролінің маңыздылығы артып келеді.
         «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 440-бабына сәйкес, егер кеден органы зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізіліміне және Кеден одағына мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне енгізілген зияткерлік меншік объектілері бар тауарларды кедендік рәсімдермен орналастыруға байланысты кедендік операцияларды жасау кезінде зияткерлік меншік құқығын бұзушылық белгілерін анықтаса, мұндай тауарларды шығару он жұмыс күніне дейінгі мерзімге тоқтатыла тұрады.
         Зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізілімін (бұдан әрі – Тізілім) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (бұдан әрі – Комитет) құқық иеленушілердің өтініші негізінде қалыптастырады.
         Кодекстің 439-бабында зияткерлік меншік объектілері бар тауарларды Тізілімге енгізу тәртібі қарастырылған. Оны жүргізу Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің «Зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізілімін жүргізу ережесін бекіту туралы» 2010 жылғы 16 шілдедегі №356 бұйрығымен бекітілген.
         Тізілім жалпыға қолжетімді, Тізілімге енгізілген зияткерлік меншік объектілерінің тізбесі Комитеттің https://kgd.gov.kz/ ресми сайтында жарияланады.
         Сондай-ақ, мұндай кедендік тізілімге енгізілмеген зияткерлік меншік объектілеріне қатысты мемлекеттік кірістер органдары ұлттық заңнамаға сәйкес қосымша өкілеттік (ex-officio) қолданады. Яғни, кеден органдары Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың зияткерлiк меншiк құқықтары бұзылған тауарлар болып табылатын белгiлерiн анықтаған кезде, тауарларды шығаруды тоқтата тұруға құқылы.
         Бұл мақсатта кеден органдары Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік құқығын қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органының мемлекеттік тіркеу тізілімдерінен алынатын ақпаратты пайдаланады. Көрсетілген тізілімдер жалпыға қолжетімді болып табылады, ресми интернет-ресурста, Қазақстан Республикасының зияткерлiк меншiк құқықтарын қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органының веб-сайтында орналастырылады.

 

 

Кедендік бақылау басқармасы

Ақтөбе облысы бойынша МКД