Жарияланған күні: 08.10.2018 18:01
Өзгертілген күні: 08.10.2018 18:37

Қазіргі уақытта мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартуға және оларды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамның филиалдарының Халыққа қызмет көрсету бойынша бөлімдеріне (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорацияның фронт-офистері) келмей-ақ алуға бағытталған сервистері іске қосылды.

«Электрондық үкімет» порталында (бұдан әрі – Портал) электрондық анықтамаларды үшінші тұлғалардың алуы бойынша сервис жүзеге асырылған.

Үшінші тұлға ретінде жеке тұлға да, заңды тұлға да (банктер, мектептер, жоғары оқу орындары, емханалар, коммерциялық ұйымдар, мемлекеттік мекемелер және т.б.) болуы мүмкін, ал сұраным жолданып отырған қызмет алушы ретінде жеке тұлға ғана бола алады.

Аталған сервис үшінші тұлғалардың келесі электрондық анықтамаларды алуын көздейді: 

- тұрғылықты жерінен мекенжай анықтамасы;

- жылжымайтын мүліктің жоқ (бар) екендігі туралы анықтама;

- жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтары туралы анықтама;

- соттылығы жоқ (бар) екендігі туралы анықтама.

Сонымен қатар ағымдағы жылғы сәуір айынан бастап 44 мемлекеттік көрсетілетін қызметті бір реттік жасырын сөздің көмегімен, яғни электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) қолданусыз Порталда алуға болады.

Бұдан өзге, Telegram мессенджерінде сұранысқа ие 4 қызметті SMS-хабарлама арқылы алуға мүмкіндік беретін бот іске қосылды.

Мобильдік азаматтар базасына (бұдан әрі - МАБ) тіркелу бұл сервистерді қолданудың міндетті шарты болып табылатының атап өткен жөн.

МАБ-та тіркелу үшін қызмет алушы Порталдағы «жеке кабинетінде» көрсетілетін «телефон» бағанында телефон нөмірін көрсетуі керек немесе Мемлекеттік корпорацияның кез-келген фронт-офисіне келіп телефон нөмірін өзінің жеке сәйкестендіру нөміріне (ЖСН) тіркетуі қажет.